Мінбер

Мінбер

  1. Байбаламға салынбайық.

Күйшілік өнер құрып бара жатыр деп құр байбаламға салмайық. Билік болсын, телеканалдар болсын өз жұмысын істей берсін. Мен қазақпын деген жобаларды ұйымдастырып.
Сіз бен біз болсақ өзімізше әрекет жасайық. Домбыра үйренейік, балаларымызды үйретейік, ескі күйлерді тыңдауға құлағымызды лайықтайық. Интернетте толған күйлерді үйде, жұмыста, машинада қосып қоялық. Әйтеуір әрекеттенейік. Түбінде бір қайыры болар. Осыған сенімдімін!

  1. Күй және әлемдік жаңалықтар

Ұлттық музыканы зерттеп жүргендер міндетті түрде әлемдік ғылымдағы жаңалықтарды бақылап отыру керек. Үлкен ғалымдарымыз бар, әлі күнге дейін сол 20 жылғы әңгімесін айтып отырады. «Қазақ күйшілік өнері қандай керемет» деп тамсанып. Ол уақыт өтті. қазір басқа көзқарас пен зерттеу керек.
Әлемдік тенденцияны қазақ қалай пайдалана алады, жаңалықтар қандай, өзімізге қатысты неңдей пайда ала аламыз дегендей көптеген сұрақтаға жауап таба білу керек.
Ол үшін ағылшын тілі маңызды. Дым болмағанда ағылшынның орысша аудармалары оқу керек. Бірақ бұл тиімсіз болар. Негізгі ой жоғалып кетуі мүмкін. Оригиналға жетпейді. Қазір мен музыкатану бойынша ағылшын тілінде бір ғылыми еңбекті оқып жатырмын. Өзіме беймәлім, көптеген тың ойларды білудемін. Көзім ашылып жатыр десем болатындай.

Арман досымның: «Қазіргі жазушылар (ақындарды білмеймін енді) әлемде болып жатқан нәрселерді білуі керек пе, қалай ойлайсыздар? Негізі жазушы деген интеллектуал, бұрынғы тілмен айтқанда интеллигент деп есептеледі ғой. Мына технологиялық өзгерістер, олардың ықпалы, тағы сол сияқты дүниелерді білу керек пе, әлде Оралхан мен Хемингуейді оқып жүре беруі керек пе?» деген сұрағынан кейінгі туған ой

  1. Жоғары мәдениет пен поп мәдениет

Әрбір қоғамда адамның құндылықтары, көзқарастары, нанымдары, нормалары, әдет-ғұрыптары, тарихы, әлеуметтік тиымдары және т.б. тұратын нақты мәдениет бар. Бұл мәдениет жоғары және танымал (поп) мәдениет санатына жатқызылуы мүмкін.
Жоғары мәдениет дегеніміз не?
Жоғары мәдениет – қоғамның жоғарғы класы (ақсүйектері) бөлісетін ортақ субмәдениет ретінде анықтауға болады. Басқаша айтқанда, бұл қоғамның элитасын қамтиды. Жоғары мәдениет нақты тұтыну үлгілері, өмір салты, әдебиет, наным-сенімдер мен көзқарастардан тұрып, элитаны жаппай қоғамнан, бұқарадан бөліп тұрады.
Танымал (поп) мәдениет дегеніміз не?
Әрбір адамның немесе қоғамдағы бұқараның бөлісетін ортақ субмәдениеті ретінде анықталуы мүмкін.
Жоғары мәдениет танымал (поп) мәдениетке қарағанда күрделі келеді.
Фаст-фуд пен эстрадалық поп музыка – танымал поп мәдениеттің кейбір мысалдары.
Батыстың түсінігінде Жоғары мәдениеттің мысалы:
Опера мен балет, қымбат ресторандар, классикалық музыка, ренессанстық көркемсурет үлгілері т.б.
Сарапшылар поп мәдениеттің таралуы негізінен бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында екенін атап көрсетеді. Бұл әсіресе шындық (реалити) шоулары, музыканың жаңа жанрлары, фильмдер, тіпті телесериалдар секілді түрлі теледидар бағдарламалары арқылы байқалады. Дегенмен, поп мәдениетінің адамдардың өміріне әсері бұқаралық ақпарат құралдарымен ғана шектелмейді. Ол тіпті әлеуметтік саясатты, идеологияны, сән мен технологияларды қамтиды. Сондықтан поп мәдениет жоғарғы мәдениетке қарағанда тез тарайы.
Қазақтың түсінігіндегі жоғарғы мәдениет: тілі мен әдебиеті, өнері, өмір салты, классикалық төл музыкасы, наным-сенімі, тіпті ішкен қымызы мен жеген қазы-қартасы.
Бүгінгі қазақ ақсүйегімін (жоғарғы класы, элита) деуші батыстың жоғарғы мәдениет үлгісін қабылдаған.
Қазақтың жоғарғы мәдениеті бар болса да, жоққа тән.
Қазақтың орта арифметикалық жасы 25-30 жас. Қазақша оқыған жастар батыстың жоғарғы мәдениетін құп көрмейді, Ұлтымыздың 23 пайызының жасы 9 –ға жетпеген.
Сонда бұл жастарға поп мәдениеттің соңында кеттің деп ренжуге болмайды екен, өйткені одан басқа олардың таңдауы жоқ.
Ал «көпшіліктің талғамымен жүру – қарабайырлану өлу деген сөз» дейді Таласбек Әсемқұлов.

Сұлтан Ыбырайдың ФБ жазбасынан

  1. күйлердің санын қуалап міндет емес

Кейбір зерттеушілер домбыра күйінің саны 10 000-нан асып жығылады дейді. Мен айтайын, біз үшін олардың (күйлердің) саны аса маңызды емес. Неге десеңіз, сан қуалап, олардың насихатталуына және халық арасындағы кеңінен таралуына көңіл бөлмедік. Шынтуайына келгенде, қарапайым тыңдарман ары кетсе он күйдің ғана атын білетін шығар. Менің музыкант емес френд-достарым, айтыңыздаршы, қандай күй білесіздер. Адай, Балбырауын, Ерке сылқым, Көңіл толқыны, Әлқисса, мүмкін кейбіріңіз Сарыарқа мен Сарыжайлауды, Кісен ашқан мен Қос алқаны еске түсіресіз… Керек десеңіз, қазір азды-көпті тартылып жүрген 100-дей ғана күй бар. Ал қалған 9 900 күйді қайда қалдырамыз?! Проблемамыз осындай, енді осының шешімін айтып көрейін.

Әуелі, ЖОО мен колледж қабырғаларында әр тәлімгерге бір курста (бір оқу жылы) өзі ғана орындайтын 30 күй тартасын деп міндеттеп қою керек. Және Пәленбайдың тізіміндегі күйді Түгенбай өз тізіміне қоспауы керек. Сонда бір топта 10 домбырашы оқыса, жылына 300 күй тартылады деген сөз. 4 курсыңыз 1200 күй. Ия, бір жылда 1200 күй тартылады!

Екіншіден, сан мен сапаны арттыру үшін студенттер оригиналды өз көзімен көру керек. Мысалы, Астанада Жанғали аға жүр, Маңғыстауда Сержан ата, Алматыда Шәміл ата бар. Айта берсең жетеді… Тіпті, көп күйшілердің өздері білмейтін орындаушылар да бар арамызда. Оралда Өтеген күйші, Өскеменде Беделбек күйші, Қарағандыда Құнан күйші… көп, өте көп. Бастысы, ерінбесек болғаны.

Және соңғысы. Жаңа (яғни, қайтадан екінші тынысын ашқан) күйлерді тыңдарманға жеткізу керек. Ол тіптен қиын емес. Әрқайсысымыз жиын-тойларда, үлкенді-кішілі кездесулерде, тіпті өз үйімізде жақындарымызға осы күйлерді тартайық. Бес күй, он күйі, он бес күй… Бірінің болмаса, екіншісінің құлағында сөзсіз қалады бұл сарындар.

  1. Ұлттық дыбыс туралы

«Музыка ғылымында «дыбыс идеалы» деген термин бар. Яғни, белгілі бір үнді ұлттық деп қабылдау. Қазақта ол – домбыраның қоңыр үні еді. Уақыт өте келе домбыраның ішегі балық аулайтын лескаға ауыстырылса да байырғы үнді сақтап қалғандай болдық. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін сақталып келгенімен, жаңа заманмен өзге мәдениеттің ықпалымен жаңа дыбыс та пайда болды. Бүгінгі қазақ ескіше тартатын күйшіні қабылдай алмайды. Өйткені, жоғарыда айтылған «дыбыс идеалы» өзгерген. Эстраданың салдыр-гүрсіліне және күй өзінің негізгі мақсатынан айырылғаннан кейін осындай хәлге түстік. Ал, дыбыс идеалының өзгеруі – тұтас бір ұлттың өзіндік болмысынан айырылу деген сөз»

«Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаладан үзінді

  1. Киелі сахна дейсіз бе?

«Киелі сахнаға ішіп шықпау керек» дегенді қойыңыздаршы. Сахна киесінен баяғыда айырылған. Өз өзімізді алдап отырамыз әйтеуір. Сол сахнаға фонограмма шыққаннан кейін киесі де кетті. соны біле тұра өтірік жұлдыздардың концерттеріне барамыз, жәй ғана ерінін жыбырлатып, бүкіл әндерін плюспенен айтып беру үшін тойларға шақырамыз. Бәріміз де білеміз, бәрі де фонограмма. Қайдағы «киелілік»? Ақша табудың жолы ғана.

  1. Күйшіні ұмытпайық

Кеше Өскемендегі Беделбек күйшімен сөйлестім. Күйші ата қатты ренжулі сияқты. «Мені мүлдем шығармай-ақ қойыңдар. Керек емес. Күй үшін өмір сүрген бала екенсің. Саған рахмет, бірақ осыменен қоя сал» дейді.

Бұл күйшіні 3 жыл іздедім. Өскемендіктер әне-міне деп мүлдем бермей қойды нөмірін. Әйтеуір араға 3-4 адамды салып таптым ғой. Енді, жауабы осы. Жақын адамы «бәрі жазып алып кетеді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ» дегендей айтты. Сондықтан ата бәрінен де жалықты дейді.

Жасы 80 келсең ақсақалдың осы әңгімесінен кейін Оралдағы Өтеген күйші еске түсіп кетті. Ол да осындай әңгіме айтып еді. Қолда бар алтын ғой мына күйшілер. Мүмкін мінезі қиқар шығар, мүмкін тағы басқа мәселе болар… Десе де күй үшін ғой бәрі…

  1. Күйді тыңдап жүрейік

«Қазір үкіметке қарап отыруға болмайды. Төл өнерімізді әркім өз мүмкіндігінше насихаттау керек. Және де бұл насихат отбасымыздан басталсын. Жақындарымызға, балаларымызға дәстүрлі ән мен күйді тыңдауды үйретуіміз қажет. Өйткені, ғылымның дәлелдеуі бойынша, егер де бір буын ұрпақ әлдебір өнерден қол үзіп қалса, ол – ұмытылады»

Раушан Малдыбаева

 

kui