САРЫАРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

САРЫАРҚА КҮЙШІЛІК МЕКТЕБІНІҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Сарыарқа даласы еліміздің орталығын алып жатқан ұлан-ғайыр мекен. Түрлі мәдени ерекшеліктерімен дараланып тұрған аймақ сан ғасырлар бойы оны мекендеуші жұрттың алтын бесігіне айнала алды.

Тарихи оқиғалар мен ұлттық жетістіктерге куә болып, біздің заманымызға көптеген құндылықтарды жеткізе білді. Бұл әсіресе ұлттың бір сипатын білдіретін, «қазақтың жаны» аталып кеткен күй және күйшілік өнерге қатысты тұжырым. Арысы Шалқазақ пен Байжігіт, кейінгі Тәттімбет пен Кенжебай, одан кейінгі буын Әбди мен Әбікен Хасенов сынды күйшілер Сарыарқада қалыптасқан мектептің жарқын өкілдері еді. Бүгінгі мақаламызда шығармашылығы қарастырылатын Таласбек Әсемқұлов та осы даралардың қатарында.

Мақаламызда Тәттімбет Қазанғапұлының екі күйі талдауға алынды. Олар «Молқара» мен «Алшағыр-Шаған». Екі күйді де жеткізуші Т. Әсемқұлов. Қос шығарма екі түрлі ырғақ пен бір-біріне ұқсамайтын стильдік ерекшеліктері болғаннан соң арнайы іріктеліп алынды. Ескерте кетсек, күйлерді талдау барысында қалыптасқан заңдылықтарды сақтай отырып, жаңаша тәсіл ұсынып отырмыз. Яғни, домбыра мойынындағы дыбыстарды ноталардың аттарымен емес, байырғы перне атаулары бойынша атауды жөн санадық. Өйткені күйші домбыраның құлақ күйін келтіруде өзіне ыңғайлысын таңдағаннан соң, ресми аталып жүрген домбыра мойынындағы нота атаулары да түпті дыбыс биігінен алшақтап кететіні белгілі.

Әуелі «Молқара» күйіне тоқталайық. Ел аузындағы деректерге қарағанда, күй Абай Құнанбайұлының анасы Ұлжанның сіңлісіне арналған. Күйдің нотасы «Тәттімбет және Арқа күйлері» жинағынан алынды [1, 35].

Күй тек сегіз пернені ғана қажет етеді. Диапазоны «бас перне» (2-перне) мен «шешен перне» (12-перне) арасы.

Күй домбыраның орта буынында басталады. Астыңғы ішекте «көсем пернені» ұстап тұрып (5-перне), үстіңгі ішекте «жетім перне» (5-перне) мен ашық ішекті кезектесе шертіп бастайды. № 1-мысалда бұл айқын көрсетілген.

Мысал № 1

Әуен кіріспе сөзден дейін орта буындағы дыбыстық тұраққа келеді. Бұл «даңғыл перне», яғни, астыңғы ішектегі 9-перне. Әуен түрлене ойнақталып, күйдегі ең биік дыбысқа барып (шешен перне), сол мезетте иірімделене тұрақты дыбыс аймағына қайтып келеді.

 

Мысал № 2

 

Келесі мысалда көрсетілгендей, әуеннің құбылуы кез келген жерден орын алуы мүмкін. Негізгі тұрақты дыбыстар (5-7-ші пернелер) арасында қосымша әуен орындалып, күйді әшекейлендіріп жібергендей.

 

Мысал № 3

 

Күйде дыбыстық ауытқу да кездеседі. Осыған дейін басылмаған «емірелі перне» (11-перне) кездесіп, жаңаша әуенмен әрленеді. Ырғақ та түрленіп, өзіндік ерекшелігі бар қосымша буын ретінде келеді.

 

Мысал № 4

 

«Молғара» күйі Сарыарқа күйшілік мектебінде сай аяқталады. Яғни, негізгі буынды қайталай, соңғы тұрақты дыбыстарды бірнеше рет шерте (керек болса ырғақты түрлендіре) аяқтайды. Бұл тәсіл шамамен барлық аталмыш аймақтағы күйлерде кездеседі.

 

Мысал № 5

 

Ендігі сөзіміз «Алшағыр-Шаған» күйі жайында болмақ. Тәттімбеттің «Алшағыр-Шаған» күйі 2012 жылы Астана қаласында аудиотаспаға жазылды. Мәлімет беруші бұл күйді өзінің нағашы атасы Жүнісбай Стамбаевтан (1891 – 1973 ж.ж.) үйренгенін айтты [2]. Көп жылдар бойы шығарманың негізгі сарынын ғана есте сақтап, толық нұсқасын 2010 жылы қайта жаңғырта алды. Нотасы алғаш рет «Мәдени мұра» журналына жарияланған [3].

Күйдің қысқаша аңызы бойынша, ертеде Алшағыр және Шаған есімді қос батыр болған екен. Күндердің күнінде Шағанның ауылын жоңғарлар шауып кетіпті. Алшағыр артынан барып, батыр досының кегін қайтарып, жақындарын өз ауылына алып келеді екен. Халық арасында бұл оқиға қысқаша күйменен жетіпті. Кейін бұл күйді естіген Тәттімбет күйші күйді толықтырып, жаңа туынды ретінде дүниеге әкеліпті.

 

Күй теріс бұрауда жүреді. Бас дыбысы – жетім перне (5-перне). Дыбыс көлемі (ауқымы) ашық ішек пен Кет-Бұқа пернесі арасы (16-перне). Кіріспе сөзінен кейін негізінен тек жоғары қағыспен ғана жүретін күйдің алғашқы буыны басталады. Домбыраның кіші саға аумағында шертіледі.

 

Мысал № 6

 

Күйдің келесі буыны (бөлімі) 9-басқышындағы «даңғыл» аталатын пернеден басталады. Негізгі сарын сақталғанымен, ырғақтың құбылуын байқауға болады.

Бір қызығы, теріс бұрау күйлерінде шарықтау шегі болып табылатын шыңырау пернеге (17-перне) жетпей қайтады. Яғни, қалыптасқан заңдылыққа сүйенбей, өзінше дамып отырады. Аталмыш бөлімде ең төменгі перне («Кет-бұқаның» пернесі (16) қолданылады.

 

Мысал № 7

 

Негізінен жалғыз ішекте тартылып келетін күй, орта тұсынан бастап қос ішекке ауысады. Байырғы күйлердің сарынына осы буын қара шертпе қағыспен орындалады.

Мысал № 8

Күйдің негізгі айтар ойы осы тұс деп есептейміз. Арасында негізгі сарындық (тональдік) ауытқушылықтар кездеседі. Атап айтсақ, кенеттен пайда болатын құсар перне (15-перне) басылады. Дегенмен бұл буын ұзаққа созылмай екі қайрата тартылып, тез аяқталады.

Мысал № 9

Туындының соңы бастапқыдай жетім пернеде аяқталады. Бұл ретте күйді жеткізуші Т. Әсемқұловтың өз сөзін келтіруді жөн санадық: «… Ең соңында Алшағыр дүрілдетіп шеру тартып, Сарыарқаға қайтып келе жатқанын баян ететін тұста домбыраны арқыратып отырып алды. Содан соң барып күмпілдеген төрт қағыспен аяқтаған» [4, 368]

Мысал № 10

Күй негізінен төменгі ішекте тартылады. Жоғарғы ішек жанама дыбыс ретінде пайдаланып, ара-арасында ғана кездеседі. Арнайы жоғарғы ішекті басу қажет емес. Жалпы күй мазмұны екі қайыра тартылып орындалады.

 

«Алшағыр-Шаған» күйінің бір ерекшелігі – қағысы. Туындының жартысынан көбі жоғарғы қағыспенен тартылады. Төменгі ішекті сұқ саусақтың ішкі жұмсақ жағымен іліп алғандай тартып отыру керек. Бұл орындаушыдан шеберлікті талап ететін әдіс. Тек күйдің орта тұсы мен соңғы «қорытынды сөзі» ғана қарапайым қара қағыс ретінде шертіледі.

Тәттімбет күйлері өзінің қайталанбас иірімдерімен ерекшеленеді. Жоғарыда мысал ретінде келтірілген екі күй де осының дәлелі. Біздің ендігі міндетіміз, осы сияқты өзге де күйлерді жаңаша зерттеп, бұрын пайдаланылмаған әдіс-тәсілдерді тәжиребеге енгізу. Айтпағымыз, XXI ғасырда заман талабына сай күй талдау жұмыстары да жаңашылдану керек. Мақала барысында қолданылған күй талдау тәсілі әлі де зерделеніп, тағы да пысықтауды қажет етеді. Дегенмен біздің пікірімізше, күй, оның ішінде әсіресе Сарыарқа күйлері осылай қарастырылу керек. Сонда ғана отандық күйтану ғылымы жаңа белеске шығып, зерттеудің тың түрлері табылады деп санаймыз.

 

Мақала ҚРБжҒМ-нің BR05236868 «Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты гранттық жобасы аясында жазылды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тәттімбет және Арқа күйлері / құраст.: А. Тоқтаған, М. Әбуғазы. – Алматы: «Білім», 2005. – 181.
  2. Аудиожазба автордың жеке қорында сақтаулы.
  3. Нүркенов Р. Тәттімбеттің күйі – «Алшағыр-шаған» // Мәдени мұра. № 2 (71). – Астана, 2017. – 60–63 бб.
  4. Әсемқұлов Т. Шығармалары. Т. 1: Күйшілік туралы романдар. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. – 436 б.

 

(Т. Әсемқұловтың шығармашылығы негізінде)

Нуркенов Р.Ш.

 

 

kui