Archive Ақпан 2019

ОҢТҮСТІК АЛТАЙДА ТАБЫЛҒАН МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР

 Музыкалық аспаптар адамзат тарихында өзінің алар орны бар. Қай заманда болмасын адам баласы музыка аспабы арқылы өзінің ішкі сезімін, күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен қайғысын жеткізіп отырғаны белгілі. Әрине, дыбыс шығаруға болатын құралдың нақты шыққан уақытын дәл айту қиын. Бірақ соңғы жылдары еліміздің археологтары тапқан құнды жәдігерлер мен ашқан жаңалықтары негізінде жобалап пайымдауға болады. Мақала «Қарақаба» археологиялық нысанда жүргізілген қазба жұмыстарында табылған музыкалық аспаптарға арналған. Мәліметтерге арқа сүйей отырып сол аспаптардың пішінін қалыпқа келтіріп және иелері жөнінде тоқталып өтпекшіміз.

Қарақаба қорымы Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында орналасқан. Сол аймақтағы Қарақаба өзеніне байланысты аталған. Қорым 2012 жылы ғалым-археолог Зайнолла Самашевтың жетекшілігімен ашылған. Бұл ортағасырлық түрк халықтары мекендеген һәм жерленген орын. Шамамен VIII-IX ғасырлар кезеңі [1, 29 б.].

2014 жылғы № 5 (56) «Мәдени мұра» жорналындағы мақаладағы келтірілген дерекке сәйкес бірінші аспап бойынша келесі мәлімет беріледі: «Справа от колчана поверх берцовой кости лежал музыкальный инструмент с длинным грифом. Длина  инструмента 63 см. Корпус ладьевидной продолговатой формы. В центре имеется отверстие в виде трех соединяющихся под углом коротких линий. Фиксируется форма основания корпуса – удлиненная, образующая фигуру в виде пятиугольника. В нижней части корпуса также виден выдолбленный край внутренней стороны корпуса» [1, 33 б.].

Бұл Қарақаба-І тобындағы № 11 обадағы табылған аспаптың сипаттамасы. Көріп отырғанымыздай, аспаптың мойыны ұзын, шанағы (кеудесі, денесі) қайық тектес пішінде келген. Шанағында үш бұрышты ретінде келген жұлдызша – дыбыс ойығы, яғни дыбыс шығаратын орын. Аспаптың шанағы ойылып шабылған.

Қазба кезіндегі фотосуреттер мен жоғарыдағы дерекке сәйкес музыкалық аспаптың сол кезеңде қандай сипатта болғанын қайтадан жаңғыртуға тырыстық (сурет 1).

спап ішекті-шертпелі топқа жатқызуға. Жанында ысқыш (смычок) табылды деген дерек болғамандықтан осындай ойға тоқтадық. Мойынындағы перне саны жайлы да еш мәлімет жоқ. Аспап негізінен жерде немесе жылқының үстінде отырып тартуға ыңғайлы. Бүгінгі күнмен салыстырсақ, аспаптың бұл пішіндес түрін кавказ халықтарында кездестіруге болады.

Келесі аспап осы қорымдағы № 12 обада табылған. Бұл жайында З. Самашев келесі мәлімет береді: «Наиболее значимым предметом, положенным вместе с воином, является струнный музыкальный инструмент из дерева. Он находился слева от человека и чуть выше, под рукоятью железной сабли, упомянутой выше. Общая длина инструмента – 0,70 м. Четко видна головка грифа с двумя колками. Корпус инструмента округлый, с чашевидным углублением. На конце чашевидного корпуса имеется корпуса небольшой выступ с отверстием, предназначенный очевидно, для крепления струн» [1, 37 б.].

Ғалымның дерегіне сәйкес екі ішекті аспап екенін нақты айта аламыз. Шанағы дөңгелене келген, тостаған пішіндес. Шанақтың түбіндегі түйме екі ішекті бекітуге арналған. Жоғарыдағы бірінші аспап сияқты бұл жерде де ысқышы табылмады. Сондықтан нақты қандай түрде қолданғаны белгісіз. Бүгінгі күні дәл осындай пішіндес түріндегі шертпелі де, ыспалы да аспаптар кездеседі. Дегенмен бүгінгі шертпелі аспаптармен салыстырғанда жалпы ұзындығы шағындау (70 см). Төмендегі суретте табылған аспаптың байырғы түрін қалыпқа келтіруге тырыстық (сурет 2).

Соңғысы Қарақаба-ІІ тобындағы № 4 обадағы табылған музыкалық аспап. З. Самашев келесіше мәлімет келтіреді: «Под колчаном, около локтя левой руки расчистили головку грифа с четырьмя колками и фрагмент грифа музыкального инструмента, изготовленного из дерева. Остальные части сильно сгнили, вследствие чего практически слились с настилом, из-за этого форму инструмента восстановить не удалось» [1, 39 б.].

Ғалым тек аспаптың бас бөлігінің ғана сақталғанын айтады. Қалғанын өзіміз топшылап, келесіше сипаттап көрдік. Төрт «құлақтың» орны бар болғандықтан аспаптың мойыны жуан екені анық. Өйткені төрт ішек өз орнында түру үшін аспап мойыны кемінде 3-3,5 см болуы керек. Аспаптың шанақ бөлігі сақталмағанымен, обадағы ағаш шіріген қалдықтарына қарап (білікті археологтармен ақылдаса келе) төмендегі суреттегі пішінге келдік. Кейін қазба жүргізген археологтармен жеке сұхбат барысында болғандай арнайы ысқышы да жанында жатқан екен. Төменде аспаптың байырғы құрылысын қайтадан қалыпқа келтіруге тырыстық (сурет 3).

Енді музыкалық аспаптардың иесі жөнінде бірер сөз. Мақала барысында автор «бұл ежелді діндарлар, бақсылар болуы мүмкін» деп топшылайды. Дегенмен, біз бұл пікірге келіспейміз. Біздің ойымызша, қорымда жерленген қазақтың сал-серілерінің ежелгі прототипі. Бүгінгі таңда белгілі болғандай, ерте уақыттағы сал-серілер майданның алғы шебінде жүрген жауынгерлер болған екен. «Сал-серілер – өз еркімен тұтастай өлімге кесілген әскер… Әрине, көп жағдайда сал-серілердің шерігі тұтастай қырылатын болған. Ал осы аяулы әскердің кездейсоқ тірі қалғандары болса, бейбіт кезде олар елдің еркесі саналған» [2, 10 б.]. Әрбір обада табылған сауыт-саймандар, қылыш пен садақтар бұл сөзімізге дәлел болғандай. Ал, бас төбесіндегі саңылаулары жайында әлі де зерттеулер қажет.

Қарақаба қорымынан үш аспаптың екеуі шертпелі, бірі ыспалы. Жалпы табылған жәдігерлер бүгінгі қазақ халқының және жалпы түрк халықтарының арғы дәуірдегі (ортағасырлық) музыкалық аспаптары деуімізге толық негіз бар. Болашақта әлі де нақты зерттеуді қажет ететін бұл олжа еліміздің музыкатану ғылымындағы оргонология (аспаптану) саласына баға жетпес зерттеу нысаны ретінде қарастырылатынына толық сеніммен айта аламыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Самашев З. Музыканты древнетюркской эпохи Казахского Алтая // Мәдени мұра. – 2014. – №5 (56). – 29-41 б.
  2. Әсемқұлов Т. Сал-серілер жайлы бір үзік сыр // Егемен Қазақстан. – 2010. – №27. – 9–11 б.

 

Р. Ш. Нүркенов

«Күйшілер одағының» алғашқы отырысы өтті

14 ақпан күні еліміздің елордасында Қазақ ұлттық өнер университетінде ұлттық музыканың ділі болған күй өнерін насихаттауды мұрат қойған «Күйшілер одағының» алғашқы отырысы өтті.

Қоғамдық республикалық бірлестіктің отырысында алға қойған мақсаты мен міндеттерін, құқықтары жайлы бірлестік төрағасы Рүстем Нүркенов таныстырып берді. Отырысқа қатысушы қонақтар Астана қаласы филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, күйші ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Парасат орденінің иегері Айтқали Жайымов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Еділ Басығараев, күйші Сәрсенғали Жүзбай, ҚР Ұлттық гвардия оркестрінің мүшелері, күйшілер Бақытжан Дүйсенғазин мен күйші Әбілғазы Ахмадиев, күйтану саласында еңбек етіп жүрген музыкатанушы ғалымдар Гүлнар Альпеисова, Раушан Малдыбаева, Айгүл Байбек, сонымен қатар арнайы Солтүстік Қазақстан облысы мен Қарағанды облысынан да азаматтар келді. Read More